Олар, (пайғамбарларды жалғандау, өлтірулері себепті) бір сұмдық болмайды деп, ойлады да соқыр, саңырау болып алды. Сонсоң Алла олардың тәубесін қабыл етті. Және де олардың көбі соқыр, саңырау болды. Алла (Т.) олардың не істегендерін толық көруші.
Расында Мәрйем ұлы Мәсихты: «Алла» дегендер кәпір болды. Негізінде Мәсих: «Әй Израил ұрпақтары! Аллаға құлшылық қылыңдар! Менің Раббым; әрі сендердің раббыларың! Өйткені, кім Аллаға ортақ қосса, расында Алла оған жәннетті арам етеді. Оның орны тозақ оты. Сондай-ақ залымдар үшін жәрдемші жоқ » деген.
Расында: «Алла, үштің үшіншісі » дегендер кәпір болды. Бір Тәңірден басқа тәңір жоқ. Егер олар бұл айтқандарынан тыйылмаса, олардан; сондай қарсы келгендерге күйзелтуші азап кездеседі.
Мәрйем ұлы Мәсих; бір пайғамбар ғана. Одан бұрын да пайғамбарлар өткен. Оның анасы шыншыл. Екеуі де тамақ жейтұғын. (Әй Мұхаммед !) қара! Оларға аяттарымызды қалай ашық баян етеміз. Сонсоң қалай бұрылып бара жатқандарын көр!
(Мұхаммед Ғ.С.): «Әй Кітап иелері! Діндеріңде орынсыз шектен шықпаңдар және бұрыңғы нақ жолдан адасқан әрі көптерді адастырған сондай-ақ тегіс жолдан азған қауымның әуесіне ілеспеңдер.» де.